Ақмола облысында боранда жолда қалған 26 адам құтқарылды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында боранда жолда қалған 26 адам құтқарылды, оның үшеуі ресейлік, біреуі бала және бір жүкті әйел.

Ақмола облысында боранда адасып қалған екі жылқышы Түрген ауылы маңынан табылды
Фото: Ақмола облысы ТЖД

Аумақтық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, жүкті әйел Ерейментау ауданының тұрғыны. Жүктіліктің 39 аптасындағы әйел ауруханаға барар жолда қар құрсауында қалған. Құтқарушылар акушерлермен бірге әйелді ауруханаға жеткізді. Қазіргі уақытта әйелдің жағдайы тұрақты.

Сонымен бірге, Жарқайың ауданында қар құрсауында қалған екі «КамАЗ» жүк көлігінде болған 3 жүргізушіге Қостанай облысының құтқарушылары көмекке келді. Жүк көліктерінде 100 бас қой тиелген. Жүргізушілер Жарқайың ауданындағы жылыту орына жеткізіліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Ал, жануарларға шөп жеткізілді.

«Құтқару жұмыстары барысында бір тәуліктің ішінде боранда жолда қалған 26 адам құтқарылды, оның үшеуі ресейлік, біреуі бала және бір жүкті әйел», - деді ведомстводан.

Осы ретте, ТЖД қызметкерлері ақмолалықтарға дауылды ескертулерге назар аударып, автокөлікпен алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында боранда жолға шыққан мыңдаған автокөлік полицияға ілесіп жүруге мәжбүр болғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар