Ақмола облысында бір топ кітапханашы марапатталды

 Республика күніне орай Ақмола облысында кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтіп, сала мамандарына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Kazinform. 

Ақмола облысында бір топ кітапханашы марапатталды
Фото: Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі

Мерекелік іс-шараға облыстың 17 ауданы мен 3 қаласынан кітапханашылар қатысты. Онда кітапхана ісінің дамуына қосқан зор үлесі мен жеке еңбек және шығармашалық үлесі үшін облыс кітапханашылары Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың алғыс хатымен марапатталды. 

Ақмола облысында бір топ кітапханашы марапатталды
Фото: Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі

«Кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру мақсатында күні кеше Қазақстан Республикасы Үкіметінің «24 қазан – Кітапханашылар күні» жаңа кәсіби мерекесін жариялауы бүгінде ғасырға жуық тарихы бар білімнің, елімізді, егемендігімізді танытатын рухани орда қызметкерлері – кітапханашыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін үлкен құрметтің белгісі. Бұл – тек кәсіби кітапханашылардың ғана емес, ең алдымен кітапты жақсы көретін кітапханашының мәдени және қоғамдық өміріндегі орасан зор рөлін түсінетін адамдардың мерекесі. Сіздерге ғылыми жәнe aғapтyшылық қызмeті жолында хaлықты мәдeни тәpбиeлeу, рухты ұрпақ өсіруге ықпал етіп, Отанымыздың бай әрі көрнекті мәдени құндылықтарын дамытудағы еселі еңбектеріңіз үшін шынайы алғыс білдіремін», – деді құттықтау сөзінде Ақмола облысы Мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

Сонымен бірге, Мәдениет қайраткері, кітапхана саласының үздігі Алтын Жағыпарова, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Қуаныш Оспанов және Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподақтар федерациясының Ақмола облысы бойынша филиалының төрағасы Димаш Шалабаев құттықтау сөзін арнады. 

Ақмола облысында бір топ кітапханашы марапатталды
Фото: Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі

Жас кітапханашылар Нұрлан Қыстаубаев, Жәнель Назыбаева, Алмас Нұрмаш, Оралбек Нүріш қазақтың ұлы ақындары Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Абай Құнанбаев шығармаларынан үзінді оқыды.

Мерекелік іс-шара Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының солистері Жанар Сақтағанова, Ләззат Ыдрысова, Дмитрий Петюль, эстрада жұлдызы Жаңарту Бекмұрат, Республикалық байқауларының лауреаты Ермек Қасым және Бауыржан Нұрымбетовтің орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты. 

Ақмола облысында бір топ кітапханашы марапатталды
Фото: Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі

Айта кетсек, бұдан бұрын Республика күніне орай Көкшетауда 65 отбасы жаңа пәтер кілтін алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар