Ақмола облысында бұлан миграциясына байланысты жүргізушілерге жолда абай болу керектігі ескертілді
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында жолдарда жабайы жануарлардың көбеюіне байланысты көлік жүргізушілеріне сақ болу жөнінде ескерту жасалды. Жыл басынан бері өңірдің қалааралық трассаларында жануарлармен байланысты 8 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Полиция департаментінің мәліметінше, жабайы аңдардың маусымдық көшу кезеңінде әсіресе бұлан және басқа да жануарлардың жолға шығу қаупі артады. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жүргізушілерді, әсіресе кешкі және түнгі уақытта, барынша мұқият болуға шақырып отыр.
Мәселен, «Астана–Щучье» тасжолында болған кезекті ЖКО кезінде 52 жастағы Hyundai Tucson жүргізушісі 95-шақырымда жолға кенеттен шыққан бұланға соғылған. Оқиға салдарынан автокөліктегі екі жолаушы медициналық көмекке жеткізілген.
Жыл басынан бері тіркелген 8 оқиғаның басым бөлігі орманды алқаптар арқылы өтетін тасжолдарда орын алған. Полиция мұндай аумақтарда жануарлардың миграция жолдары өтетінін еске салды.
Ведомство жүргізушілерге «Жабайы жануарлар» белгісі қойылған учаскелерде жылдамдықты төмендетуді, ымырт пен түнгі уақытта аса сақ болуды, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды және жолда алаңдамауды ескертті.
Бұған дейін Жоңғар Алатауында қоңыр аюға қатысты күтпеген жағдай болғанын жазған едік.