Ақмола облысында даладан табылған баланың жағдайы белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында далада жарақат алған күйде табылған бес жасар бала қазір Көкшетаудағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Смағұлованың айтуынша, бала Астрахан аудандық ауруханасына денесінде жарақат іздері бар, ашыққан, қараусыз қалған күйде жеткізілген.
– Дәрігерлер баланың жағдайын тұрақтандырып, қажетті тексерулерді тағайындады. Кеше ол толық тексеруден өту және бейінді мамандардың кеңесін алу үшін Көкшетаудағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ауыстырылды. Қазіргі жағдайы тұрақты, өміріне тікелей қауіп жоқ, – деді ол.
Оның айтуынша, баланың тәбеті жақсы, өзі көпшіл.
– Қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін палата маңында полиция қызметкерлері кезекшілік етіп жүр. Қазір бұл іске қорғаншылық органдары мен полиция араласып жатыр, – деді баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда 83 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.