Ақмола облысында демалыс күндері су айдындарында 5 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының құтқарушылары дабыл қағып отыр. Өткен демалыс күндері өңірдің су айдындарында адам өліміне әкелген 5 оқиға тіркелді.
Оның бірі — суға бату фактісі, қалған төртеуі — жазатайым оқиғалар. Өкінішке қарай, қаза тапқандардың үшеуі — балалар.
Қайғылы оқиғалар Көкшетау қаласында, сондай-ақ Аршалы, Целиноград және Астрахан аудандарындағы шомылуға тыйым салынған орындарда болды.
Шомылу маусымы басталғалы бері облыс бойынша су айдындарында 15 адам көз жұмды. Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері — мас күйінде суға түсу және өз мүмкіндігін дұрыс бағаламау.
— Ақмола облысы ТЖД тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және тек рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуға шақырады, — делінген хабарламада.
Айта кетелік Шығыс Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы үш адам суға батып кетті.