Ақмола облысында ер адам трактордың астына түсіп, қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Полицейлер жолаушыларды арнайы қарастырылмаған орындарда тасымалдауға болмайтынын тағы бір мәрте ескертті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ақмола облысында ер адам трактор астында қалып қаза тапты
Фото: ДП Акмолинской области

Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жол-көлік оқиғасы 6 маусым күні сағат 13:30 шамасында Державинск қаласынан екі шақырым қашықтықтағы далалы жердегі жолда Lunking маркалы доңғалақты тиегіш трактордың қатысуымен болған.

— Алдын ала мәлімет бойынша, көлік кабинасында бір ғана орын қарастырылғанына қарамастан, жолаушы фильтр кассеталарының үстіне отырған. Қозғалыс кезінде ол тепе-теңдігін сақтай алмай, жолға құлап, трактордың артқы дөңгелегінің астына қалған. Ер адам оқиға орнында алған жарақатынан көз жұмды, — деп хабарлады ведомстводан.

Полицейлердің мәліметінше, трактор жүргізушісі оқиға кезінде мас болмаған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша (Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет) сотқа дейінгі тергеу басталды.

— Трактор арнайы тұраққа қойылды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп толықтырды ведомство.

Құқық қорғау органдары жұмыс берушілер мен арнайы техника иелеріне қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтарды тұрақты түрде өткізіп, техниканы пайдалану ережелерінің сақталуын бақылау қажеттігін еске салды.

Осыған дейін сәуір айында Есіл-Арқалық өткелінде пойызбен соқтығысқан тракторшы қаза болғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар