Дәрігерлер Ақмола облысында газ жарылысынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысындағы медицина қызметкерлерінің айтуынша, зардап шеккендердің алған жарақатының негізгі сипаты — әртүрлі дәрежедегі термиялық күйіктер, олардың көлемі мен тереңдігі әртүрлі, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, төтенше оқиға салдарынан 26 адам зардап шеккен. 7 адам қаза тапты, оның 5-і оқиға орнында, қалған екеуі 26 ақпанда реанимация бөлімшесінде қайтыс болған.
— Бастапқыда 15 адам госпитализацияланды. Қазіргі уақытта стационарда 13 науқас емделіп жатыр. Алты адам қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емге жіберілді, — деп хабарлады басқарма өкілдері.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сәйкес, зардап шеккендердің негізгі жарақаты — әртүрлі дәрежедегі термиялық күйіктер, олардың көлемі мен тереңдігі әртүрлі. Пациенттердің жағдайы үнемі дәрігерлердің бақылауында.
— Алты науқас ауыр халде облыстық ауруханаға жеткізілді, төртеуі Щучинск қаласындағы реанимация бөлімінде жағдайы ауыр, тұрақсыз әрі тасымалдауға жарамсыз жағдайда жатыр. Щучинск қаласының травматология бөлімінде үш пациент тұрақты жағдайда ем алып жатыр. Тағы жеті пациент жеңіл, беткей күйікпен амбулаторлық бақылауға алынған, — деп нақтылады Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Щучинск қаласындағы кафеде газ жарылысы болғаны және алты адам қаза тапқаны хабарланған болатын. Кейін қаза тапқандардың саны жеті адамға жеткені айтылды. Сонымен қатар, Щучинск кафесіндегі өрттен зардап шеккен алты адам Көкшетау қаласындағы ауруханаға жеткізілетіндігі белгілі болды.