Ақмола облысында көктайғаққа қарамастан жазғы дөңгелекпен шыққан жүргізушілер жолдан қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында көктайғақтың алғашқы күнінде мыңнан астам көліктің қозғалысы шектелді. Бұл туралы Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Ауа райының күрт нашарлауына және көктайғақтың пайда болуына байланысты Ақмола облысының полиция қызметкерлері қызмет өткерудің күшейтілген режиміне көшті. Бұл күні 200-ге жуық патрульдік полиция қызметкері аймақ жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Тек бірінші күні 1064 көліктің қозғалысы шектелді, олардың жүргізушілері жазғы дөңгелекпен жолға шыққан.
Мұндай жағдайлардың ең көп саны облыстық және республикалық трассаларда — 430 факт, Көкшетау облыстық орталығында — 100-ге жуық, қалғандары аудандық жолдарда тіркелді.
— Бірнеше рет ескертулерге қарамастан, көптеген жүргізуші жазғы шинамен шығуға тәуекел етті. Қабылданған шаралар мен патрульдердің жұмыстарының арқасында бұл күні зардап шеккен немесе адам қаза тапқан жол апаты тіркелген жоқ, — деп атап өтті Ақмола облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Серік Абуталипов.
Айта кету керек, полицейлер жолдарда қиын жағдайға тап болған жүргізушіге де көмек көрсетті.
Сонымен қатар, өңірдің жол қызметтері көктайғақтың салдарын жою бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Республикалық маңызы бар трассаларды тазалау үшін тәулігіне 190 жол техникасы жұмылдырылды, 900 тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды.
Айта кетелік 4 қарашада еліміздің басым бөлігінде қар жауатыны туралы жазған едік.