Ақмола облысында көктемгі егіске 500 мың тоннадан астам тұқым қажет

Көктемде астық тұқымы тапшы болуы мүмкін – Иван Сауэр
Фото: egemen.kz

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында өңірдің және Қазақстанның басқа да өңірлерінің аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектілерінен, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Еуропа елдерінен 30 мың тоннаға жуық және будандастырылған 10 мың тоннаға жуық тұқым сатып алынды. 

Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтің айтуынша, егіс алқаптарының алдын ала құрылымына сәйкес облыс бойынша жалпы жаздық егіс 5,3 млн га құрайды, оның 4,8 млн га дәнді және дәнді — бұршақ дақылдары. Бұл ретте майлы дақылдар егісін 400 мың га дейін, ал жемшөп дақылдарын 368,5 мың га дейін ұлғайту жоспарда бар. Қазіргі кезде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқымдық материалмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«2024 жылғы көктемгі егіске тұқым қажеттілігі 536,8 мың тоннаны құрайды. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылғы күздегі жауын-шашын астықтың сапасына айтарлықтай әсер етті. Осыған байланысты облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биылғы егіске қажетті тұқымдық материалмен қамтамасыз ету мәселесін ерте бастан шешуге кірісті. Жыл басынан бері Ақмола облысында өңірдің және Қазақстанның басқа да өңірлерінің аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектілерінен, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Еуропа елдерінен 30 мың тоннаға жуық және будандастырылған 10 мың тоннаға жуық тұқымы сатып алынды», — деді Кенеш Әлімжанов.

Басқарма басшысы атап өткендей, қаржыландыруды күтіп отырған, уағдаластықтары бар немесе көктемгі егіс жұмыстарына тұқыммен толық қамтамасыз ету үшін төлеуге тиісті келісімшарттар жасалған шаруашылықтар бар.

«Облыстың ірі және орта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің негізгі бөлігі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аттестатталған шаруашылықтарда сатуға 5 мың тоннаға жуық тұқым бар. Өңірде „азық-түлік корпорациясы“ арқылы тауарлық кредит беру арқылы азық-түлік астығын тұқым ретінде сатудың 2024 жылға арналған бағдарламасы жұмыс істейді», — деп түйіндеді Кенеш Әлімжанов.

Еске салайық, өткен жылдың күзінде ақмолалық диқандар 3 миллион тонадан астам астық жинады.

Соңғы жаңалықтар