Ақмола облысында медициналық мекеменің қызметкерлерге 35 млн теңгеге жуық қарызы бар

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында «Авиценна-Бурабай» ЖШС-нің медицина қызметкерлері жалақының кешіктірілуіне, еңбек демалысы және сауықтыру төлемдерінің берілмеуіне, сондай-ақ зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарналарына қатысты мәселелерге шағымданды. 

Ақмола облысында медициналық мекеменің қызметкерлерге 35 млн теңгеге жуық қарызы бар
Фото: avicenna-burabai.kz

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы кәсіпорынның қызметкерлерге берешегі бар екенін растады. Сонымен қатар компаниямен жасалған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) туралы шартты жедел тәртіппен бұзу рәсімі жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Әлеуметтік желілерде «Авиценна-Бурабай» ЖШС-де жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің үндеуі тарады. Олар жалақының кешіктіріліп төленетініне, еңбек демалысы мен сауықтыру төлемдерінің берілмегеніне шағымданған.

Қызметкерлердің айтуынша, келісімшарт бойынша жалақы әр айдың 10-ына дейін төленуі тиіс. Алайда бірнеше жылдан бері жалақы кешігіп беріледі. Мәселен, тамыз айының жалақысын жұмысшылар тек 16 қыркүйекте алған.

Бұдан бөлек, медицина қызметкерлері шілде айынан бері еңбек демалысына шығуына байланысты төленетін қаражат пен сауықтыру төлемдерін ала алмай жүргенін айтты. Сондай-ақ зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне аударымдар да уақытылы төленбеген.

Қызметкерлердің сөзінше, МӘМС жарналарының аударылмауы медициналық көмек алуға да қиындық туғызып отыр.

Жағдайға Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.

— Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы «Авиценна-Бурабай» ЖШС-мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы шартты бұзу рәсімін жүргізіп жатыр. Жұмыс Қазақстан Республикасының заңнамасы мен шарт талаптарына сәйкес атқарылып жатыр. Қалыптасқан күрделі жағдай жеке серіктестің өзіне алған міндеттемелерін, оның ішінде қызметкерлер алдындағы қаржылық міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты туындады, — деп түсіндірді басқарма.

Басқарманың мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша «Авиценна-Бурабай» ЖШС-нің қызметкерлерге еңбек демалысына байланысты төлемдер бойынша берешегі 34,6 млн теңгені құраған.

— Басқарманың басты міндеті — Бурабай ауданы тұрғындарына медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету және өтпелі кезеңде аурухананың тұрақты жұмысын сақтау. Қызметкерлер алдындағы берешекті өтеу және ұйым міндеттемелерінің орындалуы бақылауда. Облыс әкімдігімен бірлесіп, одан әрі атқарылатын іс-қимыл жоспары мен алгоритм әзірленіп, облыс әкімінің орынбасары деңгейінде бекітілді. Қазіргі уақытта тиісті рәсім, яғни МЖӘ туралы шартты бұзу қолданыстағы заңнама аясында жедел тәртіппен жүргізіліп жатыр, — деп толықтырды басқарма.

Ведомство заңнама талаптарына сәйкес «Авиценна-Бурабай» ЖШС-ні мемлекеттік меншікке беру үшін қажетті құқықтық шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Медицина қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделері қолданыстағы заңнамаға сәйкес қамтамасыз етіледі.

Бұған дейін Өскеменде балалар стоматологиялық емханасы жұмыскерлерінің еңбекақысын төлемегені туралы жаздық.