Ақмола облысында Mercedes жүргізушісі төрт жаяу жүргіншіні қағып кетті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының Атбасар қаласында Mercedes маркалы көлік төрт жаяу жүргіншіні қағып кетті. Олардың қатарында екі бала бар. Барлығы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасы 12 сәуір күні болған. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап кетті.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
— Жол апатынан кейін төрт адам медициналық мекемеге жатқызылды. Оқиға бойынша тергеу басталды, — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Құқық қорғау органдары жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтап, көлік құралдарының техникалық жағдайына көңіл бөлу қажет екенін еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында жол апатынан 3 адам мерт болғаны хабарланған еді.