Ақмола облысында мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасы ұлғайды – прокуратура
АСТАНА. KAZINFORM – Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға қатысты мәселеге облыс прокуратурасы 2024–2025 жылдар аралығында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына талдау барысында көз жеткізген.
Облыстық прокуратураның бапасөз қызметінің хабарлауынша, талдау нәтижесінде олардың жұмыспен қамту шараларын іске асыру барысында елеулі заңбұзушылықтарға жол бергені анықталды.
Заңнамаға сәйкес мүгедектігі бар адамдардың еңбекке орналасу құқығы жергілікті атқарушы органдармен еңбек нарығының қажеттіліктері мен еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың санына талдау жасау негізінде белгіленетін жұмыс орындары квотасы шеңберінде қамтамасыз етілуге тиіс.
Сонымен қатар, Ақмола облысы бойынша жалпы алғанда, еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың едәуір санының болуына және кадр тапшылығының сақталуына қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен бұрын бар-жоғы 34 квоталық жұмыс орны ғана көзделгені анықталды.
Бұл заңнама талаптарына және еңбек нарығындағы нақты жағдайға сәйкес келмейді.
- Жұмыс орындары квотасын белгілеу және іске асыру бойынша жүйелі әрі негізделген жұмыстың болмауы мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарының бұзылуына, сондай-ақ тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды еңбек нарығына ықпалдастыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарына нұқсан келтірді, - делінген хабарламада.
Осы ретте прокурорлық қадағалау актісі бойынша мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға арналған жұмыс орындары квотасы 2026 жылға 117-ге дейін ұлғайтылды.
Облыс прокуратурасы осы бағыттағы жұмысты жалғастыра бермек.
Осыған дейін Қазақстанда 27 мыңнан аса нысан мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделгені туралы жаздық.