Ақмола облысында өрттен екі адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Щучинск қаласында жеке тұрғын үйден өрт шықты.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 90 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер қызыл жалынды сөндірді.
— Өртті сөндіру барысында құтқарушылар үйден 1968 жылы туған ер адамның және әйел адамның денесін алып шықты. Өрттің алдын ала себебі анықталып жатыр, — деп атап өтті ведомство.
Өртті сөндіруге өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен 4 техникасы жұмылдырылды.
Ал Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл деректің Бурабай аудандық полиция бөлімінде тіркелгенін хабарлады.
— Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері мен арнайы қызметтер жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, — деп қорытындылады полиция.
Бұған дейін Атырауда темір қабылдау пунктінің аумағында екі вагон өртенген еді.