Ақмола облысында сілеусіннің күшігі үйлердің ауласына кіріп кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Сілеусіннің күшігі тым әлсіз болғандықтан, оны өсіру үшін аңшылық шаруашылықта қалдырды.  Ол көктемге қарай күш алған соң табиғатқа жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

сілеусін
Фото: Ақмола облыстық ТЖД

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Сандықтау ауданындағы Балкашино ауылындағы үйге жабайы сілеусін келген.

сілеусін
Фото: Ақмола облыстық ТЖД

— Бұл күтпеген жерден болды, біз абдырап қалдық. Өйткені кішкентай балаларымыз бар. Ол құсқа тиген жоқ, тек мысықтармен ырылдасты, — дейді ауыл тұрғыны Ольга Мекленбург.

сілеусін
Фото: Ақмола облыстық ТЖД

Оқиға орнына дереу құтқарушылар, аңшылар мен полицейлер жетті. Жануар құрықталды. Жабайы аң әлі бір жасқа толмаған болып шықты.

— Бұл жерде сілеусіндер өте сирек кездеседі. Олардың саны өте аз. Бұл аң агрессивті қылық көрсетпейді, сондықтан адамдарға қауіп төндірмейді. Ал бұл сілеусіннің күшігі анасын жоғалтқан немесе тағы бір жағдай болған. Біз оны біраз уақыт шаруашылықта ұстап, күтіп-баптаймыз. Ол қатты әлсіреген, сондықтан қыстан аман шығарып, көктемде табиғатқа жіберуіміз мүмкін, — деді Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығы директорының орынбасары Андрей Горбанев.

Әзірге жыртқыштың ауылға қалай келгені белгісіз.

Бұған дейін Алматы облысында қар барысы мен сілеусін фототұзаққа түсіп қалды.

Соңғы жаңалықтар