Ақмола облысында су инфрақұрылымын жаңғыртуға қайтарылған активтерден 1,4 млрд теңге бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңге бөлінді. Қаржы Президенттің заңсыз иемденілген активтерді қайтару және оларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына пайдалану жөніндегі тапсырмасы аясында бағытталды.
Бөлінген қаражат Бурабай ауданы мен Щучинск қаласында төрт инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға жұмсалады.
Атап айтқанда, Бурабай ауданындағы Қатаркөл көлінің маңында орналасқан балаларды сауықтыру орталықтарының су құбыры желілері жаңғыртылады. Бұл инженерлік инфрақұрылымды жаңарту коммуналдық қызметтердің сапасын арттырып, маусымдық жүктеме кезінде орталықтардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қаржының бір бөлігі Щучинск қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін кешенді жаңартуға бағытталады. Оның аясында магистральдық су құбыры желілерінің төртінші кезеңі салынып, қолданыстағы желілер қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ су бұру нысандары жөнделіп, кварталішілік кәріз желілері тартылады.
«Жобаларды жүзеге асыру желілердің апаттылығын төмендетеді. Сонымен қатар судың қажетті көлемін беру және ағынды суларды бұру жүйесіне жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік және туристік нысандарды қосуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірге инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады», – делінген Үкімет хабарламасында.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде Щучинск қаласы мен Бурабай ауданының коммуналдық инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындардың, әлеуметтік мекемелердің және балаларды сауықтыру орталықтарының сапалы коммуналдық қызметке қолжетімділігі артады. Сондай-ақ жаңа тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салуға қажетті инженерлік база қалыптасады.
2024-2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданды. Оның ішінде жалпы құны 226,5 млрд теңгені құрайтын 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, Мойынқұмда алты елді мекен қайтарылған активтер есебінен ауыз сумен қамтылады.