Ақмола облысында тобынан қалып қойған аққу қамқорлыққа алынды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында құтқарушылар ерекше операция жүргізіп, тобынан адасып қалған аққуды құтқарып қалды.

п
Фото: Ақмола облыстық ТЖД

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға өңір орталығындағы бір кен кәсіпорнының аумағында болған. Алдын ала дерек бойынша, аққу бірнеше күн бойы кәсіпорынның шұңқырында қалып қойған.

— Құтқару жұмысына Көкшетау қаласындағы жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмылдырылды. Мамандар арнайы қайықтың көмегімен карьерге түсіп, аққуды аман-есен сыртқа алып шықты, — деді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Құтқарылған құс кейін мемлекеттік ұлттық табиғи парк қызметкерлеріне табысталды. Қазір аққудың жағдайы жақсы, еш қауіп жоқ.

Бұған дейін Бурабай ұлттық саябағында сұр құтан камераға түсіп қалғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар