Ақмола облысында тіркелмеген 7 мыңнан астам жылқы мен жалған вакцинация дерегі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Зеренді ауданының прокуратурасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегенін анықтады. Мал басының есебін жүргізуде нақты деректердің жоқтығы белгілі болған. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасы мәлім етті.
— Полицияның учаскелік инспекторларымен бірлескен іс-шаралар барысында жалпы саны 7 мыңнан асатын 57 тіркелмеген жылқы табыны анықталды. Сондай-ақ эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу кезінде заң бұзушылықтар анықталды: ветеринариялық дәрігерлер вакцинация актілеріне жалған мәліметтер енгізіп, оның ішінде жоқ жануарларды көрсеткен және бір мал басын бірнеше рет есепке алды, — делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, жалпы саны 2,8 мың жалған вакцинация фактісі анықталып, мемлекеттік бюджетке 996,2 мың теңге көлемінде шығын өтелген.
— Аудандағы 14 мал қорымы ветеринариялық талаптарға сәйкес келмейді — қоршаулары жоқ, жер учаскелері рәсімделмеген және балансқа қойылмаған. Сонымен қатар ветеринариялық станцияда 6 млн теңгеден астам сомаға негізсіз сыйақы мен үстемақы есептеу фактілері анықталды, қазіргі уақытта оның 4 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды, — деп хабарлады құзырлы органнан.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды, заң бұзушылықтарды жою шаралары қабылданған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістанда ветеринария саласында 928 млн теңге жымқырылып, 4 адам қамауға алынды.