Ақмола облысында заң бұзған авто-газ құю станцияларына 1 млн теңге айыппұл салынды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша Департаменті Ақмола облысында сұйытылған газ сататын екі субъектіге қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Бұл туралы ведомство мәлім етті. 

Ақмола облысында заң бұзған авто-газ құю станцияларына 1 млн теңге айыппұл салынды 
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде екі нысанда сұйытылған газды өткізу кезінде қолданылатын тексеруден өтпеген өлшеу құралдарын пайдалану түрінде көрініс тапқан заң бұзушылықтар анықталды. Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасының талаптарына қайшы келіп, тұтынушылардың құқықтарының бұзылу қаупін тудырады.

Заң бұзушылыққа сай жалпы сомасы 1 061 640 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

Техникалық реттеу және метрология саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру шеңберінде 2024 жылдың басынан бастап қазіргі уақытқа дейін облыс бойынша автогаз құю станцияларына қатысты ауқымды бақылау іс-шараларының кешені өткізілді.

Облыс аумағында сұйытылған газды өткізу қызметімен айналысатын 20-дан астам субъект тіркелген. Барлығына қатысты профилактикалық бақылау жүргізіліп, оның барысында барлық жағдайда заң бұзушылықтар, соның ішінде өлшеу құралдарын міндетті метрологиялық тексерусіз пайдалану фактілері анықталды. 22 субъект профилактикалық бақылау жоспарына енгізілді, олардың нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әрекет ету шаралары қабылданды.

• 14 кәсіпкерлік субъектісіне ұйғарым шығарылды,
• 84 бірлік тексерілмеген жабдықты пайдалануға тыйым салынды,
• ҚР ӘҚБтК 462-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Мемлекеттік орган өкілдері атап өткендей, өткізілетін іс -шараның негізгі мақсаты — заңнама мен тұтынушы құқығының сақталуын қамтамасыз ету. Өлшеудің сенімсіз құралдарын пайдалануға жол берілмейді, өйткені ол азаматтардың сеніміне нұқсан келтіреді және есептеулердің ашықтық қағидаттарын бұзады.

Департамент тексерілмеген өлшеу құралдарын қолдану заңнаманы бұзу және тұтынушылардың құқықтарына нұқсан келтіретінін еске салады. Мұндай бұзушылықтарды анықтаған жағдайда Азаматтарға аумақтық Техникалық реттеу және метрология органдарына жүгінуді ұсынады.

Айта кетейік, сұйытылған газды Қазақстан аумағынан әкетуге тыйым салу ұзартылған.

Соңғы жаңалықтар