Ақмола облысында жол-көлік оқиғасынан екі адам мерт болып, төртеуі жарақаттанды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Ақмола облысында болған жол-көлік оқиғасына қатысты полицейлер сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 тамыз күні сағат 11.45 минут кеткенде «Астана-Петропавл» тас жолының 277 шақырымында, Көкшетау мен Щучинск қаласының арасында екі жеңіл көлік соқтығысып қалды.
— Жол-көлік оқиғасы салдарынан Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісі мен бір жолаушы сол жерде көз жұмды. Kia K5 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу басталды, оның нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданатын болады, - деді патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Ахметов.
Өңір полицейдері жол-көлік апатына жол бермеу үшін әсіресе көлік ағылып жатқан учаскелерде жылдамдық режимін сақтауды және автомобильдің техникалық жағдайын бақылап отыру қажеттігін ескертті.
Бұған дейін Ақтөбеде Toyota Alphard жүк көлігімен соқтығысып, төрт адам мерт болғанын жазған едік.