Ақмола облысында жолда қалған 900-ге жуық автокөлік полицияға ілесіп жүрді

Ауа райы
Фото: Видеодан алынған кадр

Ауа райына байланысты Ақмола облысында барлық бағыттағы автожолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды. Жолда қалған 900-ге жуық автокөлік полиция көлігіне ілесіп жүрді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 қаңтарда облыс аумағындағы дүлей жел мен ақтүтік боранға байланысты «Алматы – Екатеринбург», «Астана – Петропавл», «Астана – Қарағанды», «Астана – Ерейментау – Шідерті», «Көкшетау – Рузаевка» бағытындағы халықаралық және республикалық, сондай-ақ облыстық және жергілікті маңызы бар жолдар жабылды. Жолда қар құрсауында қалған мыңға жуық автокөлікке полиция қызметкерлері көмектесті.

«Ауа райына байланысты полиция батальоны мен патрульдік полиция ротасының экипаждары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бүгін сағат 13:00-де Астана қаласына дейін 530 (460 жеңіл, 70 жүк) автокөліктің бірінші колоннасы полиция көлігіне ілесіп жүрді. Кері бағытта 350 көлік құралының тағы бір колоннасы полиция көлігінің соңына ілесті», - деді ведомстводан.

Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға боранды күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Еске салайық, Қазақстанның 9 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды.

Соңғы жаңалықтар
telegram