Ақмола облысының бірқатар елді мекенінде су сору жұмыстары жүргізілуде
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысының бірқатар елді мекенінде көктемгі су тасқынын болдырмау мақсатында су сору жұмыстары жүргізілуде.

Жыл сайын Ақмола облысының аумағында су тасқыны шиеленісті жағдайда өтеді. Биылғы жылғы наурыздың 25-нен бастап Целиноград және Аршалы аудандарының аумақтарында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін ТЖД жеке құрамынан 18 адам және 5 техника жіберілді.

Тұрғын үйлерге судың кіруіне жол бермеу үшін елді мекендерден қар шығару, су өткізу құрылыстарын, каналдар мен арықтарды тазарту шаралары қолға алынған.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс бойынша барлығы 2 млн астам текше метр қар шығарылды, 300 тонна жанар-жағар май, 24 тонна инертті материалдар және 100 мың қап дайындалды.

Қазіргі уақытта Целиноград, Аршалы, Жарқайың аудандарындағы елді мекендерде, сондай-ақ, Көкшетау және Қосшы қалаларында еріген қар суын ағызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Барлығы 64 мың текше метрден астам су сорылды.

«Астрахан ауданының орталығында көшелер мен тұрғын үй аулаларында 4 техника еріген қар суын сорып, сыртқа ағызуда. Ал Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылында су сору жұмыстарына 50-ден астам техника жұмылдырылған. Ауылда тұрғын үйлер мен аулаларын су басу дерегі тіркелген жоқ», - деді ведомстводан.

Еске салайық, Көкшетауда мектептің жертөлесін су басып қалған болатын.