Ақмола облысының тұрғыны ұлының жазасын жеңілдету үшін алаяққа 10 миллион теңге берген

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысы Ақкөл ауданының құқық қорғау органдары аса ірі көлемдегі алаяқтық істі тергеп жатыр.

коррупция
Фото: freepik

Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Ақкөл ауданының тұрғыны полицияға 10 миллион теңгесін алаяқ қолды қылғаны туралы хабарлап, арызданған.

Жәбірленушінің айтуынша, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылған баласына құқықтық көмек көрсету үшін заңгердің кеңесін алмақ болған.

— Ол достары мен туыстары арқылы белгісіз ер адаммен байланысқа шыққан. Күдікті оған білікті құқықтық қорғау ұйымдастырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын белгілі бір мерзімге ауыстыруға ықпал ете алатынына сендірген. Ол көрсеткен қызметі үшін 10 миллион теңге ақы талап еткен. Жәбірленуші қажетті соманы жинап, күдіктіден заңды қызмет көрсеткені туралы қолхат алып, жеке өзі тапсырған, — деп түсіндірді департаменттің баспасөз қызметі.

Алайда, ер адам алған ақшасын өз пайдасына жұмсаған: несиелерін өтеп, қарыздарын беріп, көлік сатып алған. Алайда, ол уәде етілген қызметті көрсетпей, көп ұзамай байланысқа шығуды тоқтатты.

Жәбірленуші көмек сұрап полицияға хабарласқан. Тәртіп сақшылары оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

— Азаматтарды қырағы болуға және ақылы түрде сот шешімдеріне ықпал етуге уәде бергендерге сенбеуге шақырамыз. Барлық заңгерлік көмек бойынша тек уәкілетті және лицензиясы бар мамандарға хабарласуларыңызды сұраймыз, — деді полиция қызметкерлері облыс тұрғындарына.

Ақмола облысындағы алаяқтық іс бойынша бұрынғы директор сотталды.

Соңғы жаңалықтар