19:01, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллинге ескерткіш тақта ашылды
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін тоқсан жылдық тарихы бар Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің негізін қалаушы, белгілі қоғам қайраткері, жазушы Сәкен Сейфуллиннің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен осында салтанатты жағдайда ескерткіш тақта ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Қазақ баспасөзінің, қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллин 1917 жылдың шілдесінде Ақмолада «Тіршілік» атты тұңғыш қазақ газетін ұйымдастырған болатын. Уақыттың ұсынысына, қоғамның идеологиялық сұраныс талабына сай өзгеріп түрленген сол басылым бүгінде заңды жалғасын тауып, облыстық «Арқа ажары» газеті ретінде көпшілікке кеңінен танымал болған. Сәкеннің туған елі Ақмола облысының 70 жылдық торқалы тойымен тұспа -тұс келген осынау игілікті іс- шараның салтанатты ашылуына облыс әкімі Альберт Рау қатысып, жүрек лебізін білдірді. Газеттің алдағы уақытта да Сәкен көтерген туды биікте ұстап, оқырмандардың сенім жүгін ақтайтындығына ықыласты екенін атап өтті. Салтанатты жиынға қатысқан еңбек ардагерлері, БАҚ өкілдері, зиялы қауым ардақты ағаларының еңбектерін тілге тиек етіп, жас ұрпақтың өнеге алар тұстарына баса назар аударды.