Ақмола облыстық сотының бір топ өкілдеріне «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгілері тапсырылды
КӨКШЕТАУ. 6 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық сотының төрағасы Ақжан Ештай көп жылғы адал қызметі үшін бір топ сот саласы өкілдерінің омырауына «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін қадады.
Салтанатты жиында облыстық соттың судьясы Венера Сейтімова, Шортанды аудандық сотының төрағасы Әділет Ермеков, Ақкөл аудандық сотының төрайымы Айсұлу Жұматова, облыстық соттар әкімшісі соттар қызметін ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Сайран Шуақпаева, облыстық соттар әкімшісі бақылау және құжаттармен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Көгершін Нұрғалиева осындай құрметке бөленіп, әріптестерінің қошеметіне ие болды. Олардың қай-қайсысы болмасын сот жүйесінде ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан өз ісінің білгірлері. Кәсіби міндеттерін адал атқарған абзал азаматтарға гүл шоқтары табысталды.