20:19, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақмола облыстық статистика басқармасында жыл қорытындысы сарапталды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық статистика басқармасында республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізілген баспасөз мәслихатында 2008 жыл қорытындысы сарапталып, туындаған сауалдарға толымды жауап қайтарылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жүздесу барысында басқарма бастығы Ермек Мусина атап көрсеткендей, өткен жылы 133 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, негізгі капиталға инвестиция тарту көлемі 138 миллиард теңгені құраған. Жыл ішінде шағын және орта бизнес нысандарының қатары бес пайызға өсіп отыр. Өткен мерзімде 206,5 мың шаршы метр баспана тұрғызылып, жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 22,8 пайызға артқан. Бөлшек тауар айналымы 44 миллион теңгені құрап, бұрнағы жылдың желтоқсанымен салыстырғанда тұтыну бағасы индексі 108,4 пайызды құраған. Жыл ішінде жұмыссыздар саны 21,7 пайызға төмендеп, орташа айлық табыс 15,3 пайызға артып отыр. Өңірде адамдардың табиғи өсімі 3186-ға жеткен, бұл бұрнағы жылы 1545-ке тең болатын. Алдағы күндердің басты міндеті ұлттық халық санағы болса, бұл бағытта барлық өзекті мәселелер шешімін тапқан көрінеді. Баспасөз мәслихатына қатысқандар дағдарыс кезіндегі баға саясаты, сыртқы тауар айналымы, ауыл шаруашылығы секторының даму үрдісі, байланыс қызметі, өңірлік сапалы су бағдарламасының орындалуы, қаржы көздеріне қарай баспана тұрғызу турасындағы сауалдарына жауап алды.