Ақмола облысы кеденшілері өткен жылы бюджетке 10 млрд. 122,5 млн. теңге қаржы құйды
КӨКШЕТАУ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық кедендік бақылау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, олар өткен жылы бюджетке салық және басқа да төлемдер бойынша 10миллиард 122,5 миллион теңге құйылуын қамтамасыз еткен,
өсім бұрнағы жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға тең.
Осы уақыт аралығында аймақтың сыртқы тауар айналымы бір миллиард 357,5 миллион АҚШ долларын құраған. Соған сәйкес сыртқа шығарылған бидай, арпа, ұн, подшипник, түсті металдар қоспалары, молибден мен кварц 6,8 пайызға өскен. Ал, өңірге алыс және жақын шет елдерден озық технологияға негізделген жабдықтар, көліктер мен машиналар, басқа да машина жасау өнімдерін жеткізу артып отыр. Жыл ішінде кедендік заңдылықтың сақталмауына орай 13 қылмыстық іс қозғалып, 90 әкімшілік жаза бойынша айыппұл ретінде 3 миллиард теңге өндірілген. Сонымен бірге басқарма құқық қорғаушылары есірткі тасымалымен байланысты 29 қылмыстық әрекеттің алдын алып, 117 келі 119 грамм есірткі заттарын тәркілеген.