10:44, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақмола облысында 2008 жылдың қаңтары мен-желтоқсаны аралығында 6006 қылмыстық оқиға тіркелді
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - ҚР Бас прокуратурасы Арнайы есеп және статистика комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасының деректеріне қарағанда, өңірде өткен жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында 6006 қылмыстық оқиға тіркелген, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 3,9 пайызға төмен,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық статистика басқармасының мәліметтеріне сілтеме жасап. Жыл ішінде алаяқтық қылмыс - 16,1 пайызға, зорлау -16,2 пайызға, бопсалау - 18,2 пайызға, есірткіге қатысты қылмыс - 7,4 пайызға, ауыр дене жарақатын салу 2,1 пайызға азайғандығы байқалады. Дегенмен де жыл ішінде қасақана кісі өлтіру - 1 пайызға, бұзақылық 5,6 пайызға өскен. Әлі де болса басқаның мүлкін ұрлау өсу үстінде, ол былтырғы жылы 43,5 пайызды құрады.
Қылмыстық әрекеттің өсуі аймақтар бойынша Егіндікөл ауданында - 82,4 пайыз, Целиноградта - 41,8 пайыз, Еңбекшілдерде - 10 пайыз, Аршалыда - 9 пайыз, Жақсыда - 8 пайыз, Жарқайыңда - 1,3 пайыз, Көкшетау қаласында 2,7 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Осы уақыт аралығында 598,1 миллион теңге зиян келтірілсе, оның 90,4 пайызы меншікке қатысты, ал 5,6 пайызы экономикалық қылмыс болған. Қылмыстардың ашылуы - 75,7 пайыз, бұл бұрнағы жыл деңгейіндегі көрсеткіш.