Ақмола облысында 2010 жылы жаңадан 96 мектеп жасына дейінгі мекеме пайдалануға берілді
КӨКШЕТАУ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2010 жылы өңірде жаңадан 96 мектеп жасына дейінгі мекеме пайдалануға беріліп, 4 616 бүлдіршін бақша табалдырығын аттады.
Қазіргі кезде өңірде 122 бала бақшасы, 238 шағын орталық жұмыс жасайды, оларда тиісінше 14 899 және 5 632 балғын мемлекеттік және орыс тілдерінде тәлім-тәрбие ісімен қамтылған. Жыл ішінде республикалық қаржы көзі негізінде Ерейментау, Көкшетау қалаларында, Ақмол ауылында мектеп жасына дейінгі мекемелер іске қосылды. Бұрындары мақсатында қолданылмай келген алты балабақша кері қайтарылып, күрделі жөндеуден кейін балғындар қуанышына бөленді. Соңғы уақытта мемлекеттік және кәсіпкерлік серіктестік нәтижесінде 11 бала бақша ашылып, онда 615 бүлдіршін орналастырылды. Ал, аймақтың әр түкпірінде 75 мектепке дейінгі шағын орталықтарға 1 806 балғын қабылданған. Жалпы, облыс бойынша балғындардың 58,5 пайызы мектеп жасына дейінгі тәрбие шараларымен қамтылып отыр.