Ақмола облысында 22 мыңнан астам адам таңдау құқығын пайдаланып, жоспарлы негізде ауруханаға жатқан -ДСМ
ТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат. ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Ақмола облысына жұмыс сапары барысында облыстың медициналық қоғамдастығымен кездесу өткізіп, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің (БҰДСЖ) енгізілу барысы жөнінде ашық әңгімелесіп, қол жеткізілген жетістіктіктер мен қиыншылықтар, оларды шешу жолдарын талқылады,
деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Ақмола облысында Бірегей төлеуші жүйесінде стационарлық және стационарды алмастырушы көмек көрсететін 36 медициналық қызмет жеткізуші тіркелген.
БҰДСЖ енгізу қорытындылары жобаның пациентке бағдарланғанын нақты айқындап берді. Медициналық ұйымдарды еркін таңдау қағидасына байланысты тұрғындардың барлық топтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Облыста 22 мыңнан астам адам таңдау құқығын пайдаланып, жоспарлы негізде ауруханаға жатқан. Олардың 47% ауыл тұрғындары құрайды. Азаматтардың 79% өз өңірінде емделсе (45% ауыл тұрғындары), 6% өзге өңірлерді (70% ауыл тұрғындары) жөн көрген. 19% тұрғын республикалық емханаларда ем алса, олардың 43% ауыл халқының үлесіне тиеді. Осылайша, еркін таңдау құқығын көбінесе ауыл тұрғындары пайдаланып отыр.
Өңірде жоғары мамандандырылған медициналық көмек (ЖММК) дами бастады. Нәтижесінде жоғары технологиялар медицинасы саласындағы жетістіктер жақындап, Көкшетау қаласында 2 ауруханада енгізілуде. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында 13 жаңа технологиялар бойынша 377 науқас ем алды.
Облыста тұңғыш рет стационарларда ерте қалпына келтіру және медициналық оңалту технологиялары енгізілді. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында медициналық көмектің 6 бейіні бойынша 1858 науқас емделіп шықты.
Стационарлы алмастырушы көмек саласы қарқынды дамуда. Егер 2009 жылы күндізгі стационарларда 10229 науқас емделсе, биылғы бірінші жарты жылдықта ол көрсеткіш 22647-ге жетті. Яғни, медициналық көмектің қолжетімділігі және бюджет қаражатын тиімді пайдалану қамтамасыз етілді.
2011 жылдан бастап амбулаториялық-емханалық деңгейде БҰДСЖ екінші кезеңін енгізу басталды. Ол скринингтік бағдарламаларды кеңейту, қосымша мейірбике қызметтерін ендіру, бастапқы медициналық-санитарлық көмектің әлеуметтік бағдарланған үлгісін енгізу, алыс елді мекендердің тұрғындары үшін мобильді медицинаның қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді.