Ақмола облысында 4908 адам тұмау жұқтырған
«Ақмола облысында 4908 адамның тұмау (жедел респираторлық-вирустық инфекциялары) жұқтыру оқиғасы тіркелді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 есеге азайып отыр. Тұмаумен ауырғандардың 3462-і жағдайы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде, 580-і 1 жасқа толмаған нәрестелер, 144-і жүкті әйелдер», - деді ведомстводан.
Департамент мамандары атап өткендей, өңірде 14 адам тұмаудың «В» түрін жұқтырғаны анықталды. Оның 5-і Көкшетау қаласында, 8-і Степногорск қаласында және 1-і Бурабай ауданында тіркелді.
Айта кетейік, өткен жылдың 1 қазанынан бастап облыс аумағында тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталған болатын. Облыс бойынша екпе егетін 364 ем-шара кабинеті анықталып, «қауіптілер» тобындағы тұлғаларға екпе егу үшін тегін 72 860 вакцина қарастырылған еді. Осы бағытта жергілікті бюджет есебінен 7 миллион 830 мың теңгеге 9 мың «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Дәрігерлердің сөзінше, тұмауға қарсы тегін екпені бірінші кезекте медицина қызметкерлері, 2-3 айлық жүкті әйелдер, созылмалы ауруларымен диспансерлік есепте тұрған ересектер мен балалар, жиі ауыратын 6 жастан асқан балалар, жабық мекемелердегі адамдар алды.