Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақмола облысында 500-ге жуық ауыл тұрғыны «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрғызылды

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту» бағдарламасының 500-ге жуық қатысушысы Ақмола облысының  ауылдық нысандарында жүргізіліп жатқан  жөндеу жұмыстарына  тартылуда, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Pm.kz сайты.

Ақмола облысында 500-ге жуық ауыл тұрғыны «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрғызылды

Бағдарламаның ауылдарды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды, сондай-ақ инженерлік-көлік инфрақұрылымдарын жөндеу жобаларын  қарастырған IV бағытының аясында ағымдағы  жылы Ақмола облысында  28 жобаны іске асыру және 590 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.  Қазіргі таңда өңірде 27 жоба жүзеге асырылуда, 470  қатысушы жұмысқа тұрғызылды.

Бүгін Ақмола  облысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының IV бағытының нысандарына баспасөз-туры ұйымдастырылды.

Бозайғыр ауылындағы балабақшада 30 адам  жұмыс істеуде және оның  10-ы - жұмыспен  қамту  орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа тұрғызылған.  2011  жылы осы қатысушылар  біліктілікті жетілдіру және қайта мамандану курстарынан өткен болатын.

Шортанды ауданының Раевка селосындағы орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарына  37 адам  тартылып отыр, оның ішінде 19 адам - жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа тұрғандар.

Ал Ақкөл ауданындағы Урюпин орта мектебіндегі жөндеу жұмыстарында 32 адам  еңбек етуде, олардың үшеуі - жұмыспен қамту орталығының жолдамамен жұмысқа тұрғызылды.

Естеріңізге сала кетейік, «Ауылдық елді мекендерді дамытуға» негізделген IV бағыттың аясында әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеттері орташа және жоғары ауылдарда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, әлеуметтік инфрақұрылымның, инженерлік-көлік инфрақұрылымының жобалары, сондай-ақ ауылдарды абаттандыру және коммуналдық нысандарды жөндеу жобалары іске асырылады.