15:01, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Ақмола облысында 505 мың адам санақшылар сауалдарына жауап берді
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысында 505 мың адам Ұлттық халық санағы есепшілерінің сауалдарына жауап беріп, азаматтық парыздарын орындады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық штабтан алынған мәліметтерге сәйкес өңірде мемлекеттік маңызды іс-шараға жұмылдырылып отырған 2 мың 476 есепші қазірдің өзінде тұрғындардың 70 пайызымен кездесіп, тиісті сауалдарға нақтылы жауап алған. Бұл ретте бұландылықтардың 80 пайызы, сандықтаулықтардың 75 пайызы, ал Атбасар мен Есіл аудандарында - 72 пайыз, Аршалы, Жарқайың, Зеренді, Ерейментау, Егіндікөл, Ақкөл, Қорғалжын аудандарында тұрғындардың 70 пайызы санақ сауалдарына жауап берген. Бүгінгі күнде облыс көлемінде 2 мың 201 уақытша тұрып жатқандар тіркелсе, олардың басым бөлігі Көкшетау қаласы мен Щучье, Зеренді, Атбасар, Ақкөл аудандарында қоныстанған. Өңірде Ұлттық халық санағымен қамтылғандардың 213 мың 813-і - жергілікті ұлт өкілдері. Қандастарымыздың 49 мың 796-сы Көкшетау қаласында тұрса, 26 мың 548-і - Целиноград ауданында, 18 мың 784-і - Щучье ауданында, 15 мыңы -Степногор қаласында, 14 мың 436-сы - Зеренді ауданында, ең азы Егіндікөл ауданында - 2 мың 189, Сандықтауда - 3 мың 151, Жарқайыңда - 4 мың 734, Есілде 5 мың 625 адам тіршілік кешіп жатыр. Санақшылар сауалдарына жауап бергендердің 262 мың 636-сы - әйелдер.