09:55, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Ақмола облысында 542 медицина қызметкері жетіспейді
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы мен облыстық тәртіптік кеңесте сыбайлас жемқорлықпен күрес жайы қарастырылып, шешімін күткен мәселелер айқындалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сондай ақ кеңесте Егіндікөл селолық округінде, облыстық дене тәрбиесі мен спорт, туризм басқармасында, медициналық қызмет көрсетуде, Щучье ауданы әділет басқармасында мемлекеттік қызметкерлердің ар-намыс кодексінің сақталу жайы қарастырылып, бірқатар оралымсыздықтар айқындалды. Егіндікөлде мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамалық талаптар орындалмауда. Спорт басқармасында сатып алу заңдылығын сақтамау, мамандарды аттестациядан өткізу, түскен өтініштерді уақтылы қарамау фактілері орын алған. Өңірде медициналық қызмет сапасының төмендеуі, туберкулез, қант диабеті, онкологиялық дерттерге шалдығу көбейіп, соған байланысты өлім орта республикалық көрсеткіштен асып түскен. Өңірде 542 медицина маманы жетіспейді. Қаржының бөлінуіне қарамастан медициналық құралдармен жабдықтау нормативке сай емес. Басқосу барысында құрылым басшылары осындай қадау-қадау олқылықтардың мән-жайын саралап, оны жою бағытында тиісті шешімдер қабылдады.