Ақмола облысында 7,8 миллиард теңгеден астам қаржылық заң бұзушылыққа жол берілгені анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 7,8 миллиард теңгеден астам қаржылық заң бұзушылыққа жол берілгені анықталды.
None
None

Бұл туралы Ақмола облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы Нұрлан Бекенов мәлім етті.

Оның айтуынша, облыс аумағында мемлекеттік мекемелерді қаржылық бақылау барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталған.

«Ақмола облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы қызметкерлері 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс аумағында 167 мемлекеттік мекемеге бақылау шарасын жүргізген. Оның 14-і республикалық бюджеттен, 120-ы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және 15-і өзге де шаруашылық субъектілері болып отыр.

Сонымен қатар, 90 нысан жоспарлы тақырыптық бақылауға алынған, оның 10-ы өткен жылдан қалған. Оған қоса бекітілген бюджеттік заңнама нормаларына сай 77 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, құқық қорғау органдарының қаулысы бойынша 78 шешім әзірленді.

Осы аралықта облыс аумағында жүргізілген тексеріс барысында қаржы бақылау инспекциясының қызметкерлері 7,8 миллиард теңгеден астам қаржы заңдарының бұзылушылығын анықтады. Оған қоса, бухгалтерлік есеп талаптары және қаржылық есеп беруді құрастыруда 8,5 миллиард теңгеден астам, жергілікті бюджетті, әзірлеу, бекіту, нақтылау және түзету кезінде 957 миллион теңгенің заң бұзушылығы орын алған», - дейді Н.Бекенов.

Сонымен қатар инспекция басшысы заң бұзушылықтың басым бөлігі негізінен мемлекеттік сатып алу конкурстарының еншісіне тиіп отырғанын атап өтті.

«2015 жылдың бірінші жартыжылдығындағы бақылау қорытындысына сай жалпы құны 1,2 миллиард теңгеден астам 54 мемлекеттік сатып алу шараларын жүргізу барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнамасының бұзылғаны анықталды.

Біздің тарапымыздан қолданылған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 3,2 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Бұл жол берілген заңсыздықтарға сай қайтарылуға жататын бюджет қаржысының 99 пайызы.

2015 жылдың бірінші жартыжылдығында инспекция жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету мақсатында 18 іс-шара қолға алынды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының бюджеттік және мемлекеттік сатып алу заңнамасын сақтау бойынша жергілікті атқарушы органдармен, Жақсы және Есіл аудандары әкімдігінің басшылары мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қатысуымен түсініктеме жұмыстары жүргізілді.

Жалпы биылғы жылдың алты айында біздің инспекция құқық қорғау органдарына 33 материал жолдады. Оның 15-і инспекцияның бастамасымен жіберілген. Қазіргі кезде, жолданған материалдардың барлығы қаралып жатыр. Оның ішінде 10 бақылау материалы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бюджет заңдарын бұзушылыққа жол берген 166 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2 адам қызметінен босатылды», - дейді Н.Бекенов.

Соңғы жаңалықтар