Ақмола облысында 7 сүт фермасы іске қосылады - аймақ басшысы

None
Фото: Әкімдіктің баспасөз қызметі
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында 7 сүт фермасы іске қосылады. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен «2023 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу туралы» облыстық агрокеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктемгі егіс жұмыстарының басталуына орайластырылған жиында диқандардың егін себу науқанына дайындық, агроөнеркәсіптік секторды дамытудың жай жапсары тақыланды.

«Ақмола облысы 2 миллион тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін еліміздегі ірі астықты өңір саналады. Өңірде өсімдік шаруашылығымен бірге мал шаруашылығы да қатар дамуда. Бүгінгі таңда облыста 190 000 тонна ет өндірілді. Сүт өнімі мен жұмыртқа өндірісіне ерекше назар аударылып келеді. Алдағы уақытта 46 жаңа ферманы іске қосу жоспарланған. Осы бағытта, алғаш рет өңірде сүт фермаларына 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Мемлекеттің қолдауының арқасында 2000-ға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қайтарымсыз гранттар алды. Жақын арада 7 сүт фермасын іске қосамыз. Біз ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ауылда өндіріс құруды және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз», - деді аймақ басшысы Ермек Маржықпаев.


Осы ретте, Ақмола облысында ауыл шаруашылығы тауарларының өндірісі артқаны байқалады.

«Нақтырақ айтсақ, 23 000 литр өсімдік майы, 231 000 ұн шығарылды. Бұдан бөлек, көкөніс қоймалары ұлғайтылып, картоп пен басқа да көкөніс түрлерін сақтау бойынша 3 жоба іске асырылды», - деп толықтырды аймақ басшысы.

Кездесу барысында барлық аудандардың әкімдері мен шаруа қожалықтарының басшыларына көктемгі егіске дайындық жұмыстарын пысықтауға, оның ішінде техникалардың даярлығы мен жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мәселесін назардан шығармау тапсырылды.

Айта кетсек, Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 74 млн теңгенің өнімі саудаға шығарылды.


Соңғы жаңалықтар