Ақмола облысында алаяқтық қылмыс азаяр емес
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бір күннің ішінде үш бірдей алаяқтық қылмыс ашылды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері облыс аумағында 300 алаяқтық қылмыс ашылды. Полицейлердің ескертуіне қарамастан тұрғындардың алаяқтар арбауына түсуі оқиғасы азаяр емес.
Мәселен, 6 қазан күні 1963 жылғы көкшетаулық жеке тұлғаның өкілі ретінде теміржол билеттерін сатумен айналысатын ЖШС-нің кассирі тарапынан алаяқтықтың құрбаны болған. Зардап шегушінің сөзіне қарағанда, алаяқ әйел ағымдағы жылдың шілдесінен қазан айы аралығында клиенттерінен алаяқтық жолмен 600000 теңге иемденіп алған. Жедел-іздестіру шарасы барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері 1958 жылғы күдікті, яғни, жергілікті тұрғынды ұстады.
Қазіргі кезде, күдіктінің үстінен ҚР ҚК 177-бабының 1-бөлімі (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алаяқтық қылмыстың тағы бір кең тараған түрі - ол тұрғындарды алдап-арбап ұялы телефондарын жымқырып кету. Мұндай алаяқтықтың құрбандығына көбіне жасөспірімдер ұшырайды. Жыл басынан бері полицейлер осындай 65 қылмыстың бетін ашты.
Сондықтан құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындарға бейтаныс біреулер көмек сұрап жүгінген кезде сақ болуға шақырады.