Ақмола облысында Б.Дүйсеновтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ерейментау ауданында білім саласының құрметі қызметкері Балташ Дүйсеновке мемориалдық тақта орнатылды.
Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Ұлғатты ұстазға мемориалдық тақта өзі директор болып қызмет істеген Ерейментаудағы Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебі ғимаратының қабырғасына орнатылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Ермек Нұғыманов пен оның орынбасарлары, ҚР Жазушылар одағының мүшесі М.Әбдірахманов, аудандық білім бөлімі мен ардагерлер кеңесінің басшылары және туған-туыстары қатысып, марқұм Балташ Дүйсеновтің атына бір ауыз жылы сөздерін арнады.
Еске сала кетсек, Балташ Дүйсенов алғашқы еңбек жолын Ерейментау ауданында бастады. Ұстаздық жолды таңдаған ол шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің ашылуына да ұшан-теңіз үлесін қосты. Кейін «Қазақ тілі» қоғамдық кеңестің төрағасы болды. Өңірде Бөгенбай батыр мен Үмбетей жыраудың 300 жылдығын атап өту шарасын да ұйымдастырғандардың бірі болды. «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалі, ҚР Құрмет грамотасы тәрізді түрлі облыстық, аудандық марапаттармен қатар, «мұғалім-әдіскер» атағын алған. Ұлғатты ұстаз ретінде Балташ Сыздықұлының есімі ерейментаулықтардың жадында мәңгі сақталады.