Ақмола облысында бөлшек тауар айналымы 8 пайызға өсті
КӨКШЕТАУ. 17 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық статистика департаментінің мәліметтеріне сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айындағы бөлшек тауар айналымы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өсіп,
51 745,8 миллион теңге деңгейінде қалыптасқан.
Осы уақыт аралығында отандық тауарлардың жекеменшік және жекелей сауда-саттық жасаушылармен сатылу мөлшері 51 603 миллион теңгені құраған, бұл барлық сауданың 99 пайызы, қалғандары мемлекеттік кәсіпорындар мен заңды тұлғалар еншісіне тиесілі. Жыл ішінде азық-түлік, өнеркәсіптік және аралас тауарлардың бөлшек тауар айналым көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7,2 пайызға өсіп, 26 890 миллион теңгеге жеткен. Бұл ретте базарлар мен жеке кәсіпкерлердің үлес салмағы 52 пайызды құраған. Сонымен бірге саудамен айналысатын кәсіпорындардың бөлшек тауар айналымы 8,9 пайызға артқан.
Жыл ішіндегі көтерме тауар айналымы 118 449,3 миллион теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға артты. Бұл ретте отандық тауар өндірушілер өнімінің сатылуы жекеменшік құрылымда -95,2 пайызға, басқа мемлекеттік кәсіпорындар мен заңды тұлғалар бойынша 4,8 пайызға тең болды. Осы уақыт аралығында қоғамдық тамақтандыру орындарында 2 301,8 миллион теңгенің қызметі көрсетіліп, өсім 11,1 пайызға жетті. Өсімнің негізгі үлес салмағы Көкшетау қаласында - 49,6 пайыз, Бурабай ауданында - 17,6 пайыз, Степногор қаласында 11,5 пайызға тең.