Ақмола облысында II халықаралық бүркітшілер фестивалі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бүркітшілердің II халықаралық фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24.kz.

Ақмола облысында II халықаралық бүркітшілер фестивалі өтіп жатыр

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған шараға елімізден бөлек 10 мемлекеттің кіл мықты 20 құсбегісі қатысуда. Қыран құсты қолға үйреткен спортшылар Бурабай баурайында екі күн бойы сайысқа түседі. Дүбірлі дода барысында олар бүркітті қолға шақыру, шырғаға салу және еркін ұшыру кезеңдері бойынша бәсекелеседі.

Бұдан бөлек шетелден арнайы келген құсбегілер мен жергілікті қыран құс иелерінің арасында семинар-кеңес өткізілмек.

«Бүгінгі II халықаралық бүркітшілер фестивалінің маңызы зор. Бұл, әрине, біздің ата-бабамыздан келе жатқан біздің қанымызда бар өнер. Біздің төл өнеріміз. Біздің ұлттық құндылықтарымыздың бірі», - дейді Ұлттық спорт түрлерінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай.