Ақмола облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары пысықталды

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Мәжіліске автокөлік жолдары және жолаушылар тасымалы, табиғи ресурстар, ТЖ қызметі басқармаларының және «Қазақавтожол ҰК» АҚ, «Қазақстан Темір жолы ҰҚ» АҚ, «Қазгидромед», «Қазақстан су шаруашылығы» және «Су ресурстарын пайдалануды реттеу мен қорғау бойынша Есіл бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорындары облыстық филиалының басшылары қатысты.
Синоптиктердің мәліметі бойынша, облыс аумағында сәуірдің алғашқы онкүндігінде ауа райы + 10 градусқа дейін жылы болады деп күтілуде. Осыған байланысты облыс әкімі бүгінгі күннен бастап, барлық жауапты тұлғаларға, қауіпті учаскелерді, атап айтқанда автокөлік және ТЖ жолдары, платиналар, көпірлерді тиянақты тексеруді тапсырды.
Сондай-ақ, өңір басшысы Сергей Кулагин Шағалалы, Вячеслав, Сілеті су қоймаларының бүгінгі жағдайын сұрап, ондағы жинақталған қар суын ағызып жіберуде дәлдік есептер жүргізу қажеттілігін айтты. Мәжіліс қорытындылаған облыс әкімі өңірдегі барлық мүдделі қызметтерді су тасқыны болуы мүмкін кезеңде нақты, үйлесімді әрекеттер жасауға шақырды.