Ақмола облысында көлікке қарулы шабуыл жасаған қылмыскерлер ұсталды
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық ішкі істер департаментінен алынған мәліметтерге сәйкес, апта басында жеңіл көлікке қарулы шабуыл жасап, үш миллион 400 мың теңгені жымқырып кеткен ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша қаласынан «БАСКО» жауапкершілігі шектеулі серіктестік әкімшілігі тиісті есеп айырысуға үш миллион 400 мың теңге ақшамен кассирді жеңіл көлік жүргізушісіне тапсырып, Көкшетауға іссапарға жөнелткен. Облыс орталығына 25 шақырым қалған кезде соңдарынан жасырынып еріп келе жатқан шетелдік көлік алдарынан шығып машинаны тоқтатып, ішінен шыққан бет перделі адамдар қарулы шабуыл жасайды. Қарақшының біреуі жүргізушіні ауыр жарақаттап, қоржын толы ақшаны қолтықтарына қысып, іздерін суытады. Облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінен жасақталған жедел іздестіру тобы араға үш күн салып төрт күдіктіні де қолға түсіріп, уақытша қамау қапасына тоғытқан. Қазір тергеу амалдары жалғастырылуда. Бұл өңірде жыл басынан бері атыс қаруын қолданумен жасалған төртінші қылмыстық әрекет. Бұған дейін Целиноград ауданында «КамАз» жүк көлігіне қарулы шабуыл жасалса, Бестөбе кентінде рудник басшысының көлігіне оқ жаудырылған болатын. Ал Көкшетау қаласының бір сауда орталығында сатушыларға қарулы күш көрсетіліп, зергерлік бұйымдар қолды болған еді.