Ақмола облысында қырманға 4,6 миллион тонна астық құйылды
КӨКШЕТАУ. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысының диқандары қызыл қырманға 4,6 миллион тонна астық жөнелтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда 4,5 миллион гектар алқаптың 93 пайызының дәнді дақылы орылып, 92 пайызының өнімі жинап алынды. Әр гектардан орта есеппен 11 центнерден өнім түсіп келеді. Бұл ретте гектар түсімі Зеренді ауданында - 16 центнерден, Бұландыда - 14,8, Еңбекшілдерде -13,5, Атбасар, Бурабай аудандарында 12,3 центнерден айналуда. Аймақтар бойынша Атбасар, Жарқайың, Жақсы аудандарының әрқайсысында қызыл қырманға жарты миллион тоннадан астам астық құйылды. Келер жылдың егісіне 581,3 мың тонна тұқым қоры жасалды, бұл жоспарлы қажеттіліктен 3 пайызға артық.