20:46, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақмола облысында өткен жылы 52 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық статистика басқармасының деректеріне сәйкес, өңірде өткен жылы 52 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары шешімін тапқан,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Жыл ішіндегі жүргізілген құрылыс жұмыстарының 91,6 пайызы жекеменшік құрылыс ұйымдары үлесіне тиесілі болса, 6,6 пайызы шетелдік инвесторларға, ал 1,8 пайызы мемлекеттік құрылымға тиесілі болып келеді. Құрылыс ісінде автомагистраль салу, тас жолдар құрылысын жалғастыру, әуе жол құрылысы, спорт нысандарын іске қосу басымдыққа ие болған. Бұрнағы жылмен салыстырғанда өсім Целиноград ауданында 3,4 есеге, Жақсыда - 73,4 пайызға, Көкшетау мен Степногор қалаларында тиісінше 2,1 есе және 25,8 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Осы уақыт аралығында 902 нысан, оның ішінде 731 тұрғын үй іске қосылып отыр. Жалпы жыл ішінде 206 мың 500 шаршы метр баспана тұрғызылды. Бұл мақсатқа 7 миллиард 660 миллион теңге инвестиция тартылды, өсім бұрнағы жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға тең.