Ақмола облысында пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті

Полицейлердің мәліметі бойынша, қазіргі кезде күдіктілердің Астана қаласы мен Ақмола облысының бірқатар аудандары аумағында 20-дан астам пәтер тонау оқиғасына қатысы бар екені анықталып отыр.

«Ағымдағы жылдың 24 қазанында Целиноград ауданында пәтер тонаушыларды ұстады. Күдіктілердің облыс аумағындағы бірқатар аудандар мен Астана қаласы аумағында пәтер тонағаны анықталды. Қазіргі кезде, қылмыстық топтың барлық мүшелері қолға түсті. Тексеріс барысында анықталғандай топ мүшелерінің әр біреуінің өз міндеттері болған. Тіпті ұрланған заттар сатып алушы мен көлік жүргізуші әйел де топ құрамында болған», - дейді полицейлер.

Осы орайда, жүргізуші әйел полицейлерді таң қалдырып отыр. Әйелдің айтуынша, топ мүшелерінің бірімен ол ұзақ уақыттан бері таныс көрінеді.  Ер адам одан қарызға ақша алып, екі жыл бойы қайтармай қойған.  Сол себепті биылғы жылдың қазан айында әлгі қарызы бар ер адам әйелге жүргізуші болып жұмысқа орналасуына ұсыныс жасайды.  Осылайша, ақшасын қайтарып алмақ болған ол өзінің 26 жастағы ұлының «Нисан» көлігімен жұмысқа орналасады. Келесі күні кездескенде, ер адам әйелге пәтер тонаумен айналысатынын айтып, әрбір оңай олжадан түскен табыстан 5 және 10  мың теңге көлемінде қызмет ақысын беремін деп сендірген. Алайда, әйел жұмыс берушісі қылмыс жасайтынын біле тұра, оның ұсынысына келісім береді.

Тергеу барысында әйел күдіктілерді Ақмола облысының барлық аудандары мен Астана қаласы аумағында тасымалдағанын және топ мүшелері алдағы жоспарларымен бөліскенін айтуда.

«Күдіктілер ағымдағы жылдың 24-ші қазынында Целиноград ауданының Қаражар ауылында кезекті пәтер тонау үстінде қолға түсті. Полицейлер оларды іс үстінде ұстау үшін ұзақ уақыт бақылап жүрген. Күдіктілердің түсініктемесінде бір пәтерді тонау үшін 10-20 минут уақыт жеткілікті болған.

Күдіктілер пластикалық терезені бұзып, кіріп компьютер, ноутбук сияқты тұрмыстық техникалар мен бағалы тері тондар және зергерлік бұйымдарды қолды қылып отырған. Олардың осы күні 20-дан астам пәтер тонау оқиғасына қатысы бар екені анықталды», деп көрсетілген хабарламада.

Қазіргі кезде, күдіктілердің үстінен ҚР ҚК 188-бабы бойынша (тонау) қылмыстық іс қозғалып, осындай өзге де қылмысқа қатысы бары анықталу үстінде.