Ақмола облысында патриоттық тәрбие айлығы жарияланды
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысында Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 64 жылдығына орайластырылған «Жастарға патриоттық тәрбие беру,
оларды Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халықтың ерлік пен ержүректігі дәстүрінде тәрбиелеу туралы» айлық жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық қорғаныс департаменті, «Нұр Отан» ХДП, «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігінің Көкшетау филиалы, қалалық соғыс және еңбек ардагерлер кеңесі мен «Қазақстан» РТРК облыстық филиалының бірлескен қаулысына сәйкес әскери-патриоттық, отансүйгіштік тәрбие беру шаралары жүзеге асырылатын болады. Барлық жоғары және арнаулы оқу орындарында, мектептерде ардагерлердің қатысуымен жиналыстар өткізіліп, жастар арасында Конституция, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру, Елбасының Жолдауын түсіндіру жұмыстары атқарылады. Соғыс ардагерлері ерекше құрметке алынып, оларға жан-жақты көмек көрсетіледі. Осы уақыт аралығында ескерткіштер мен обелискілер қалпына келтіріледі.