Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақмола облысында С.Нұрмағамбетовтің құрметіне орай қазақ күресінен 3-ші республикалық турнир өтті (ФОТО)

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ақкөл қаласында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің құрметіне орай 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен дәстүрлі 3-ші республикалық турнир өтті.

Ақмола облысында С.Нұрмағамбетовтің құрметіне орай қазақ күресінен 3-ші республикалық турнир өтті  (ФОТО)

Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылған додаға Астана қаласы және Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар және жергілікті Ақмола облысынан келген 217 адам 19 команда қатысып, тоғыз салмақ бойынша сынға түсті.

Оның ішінде 29 келі салмақта ақкөлдік Дияр Жүсіпов бірінші орын алса, 32 келі салмақта Жамбыл облысынан келген Әділет Ахметқали, 35 келі салмақта Әділет Пойызбаев, 38 келі салмақта ерейментаулық Олжас Еренғайыпов, 42 салмақта павлодарлық Алмас Әбдуәлиев, 46 келі салмақта қызылордалық Ернар Есенгелді, 51 келі салмақта қорғалжындық Мақсат Ғалымов, 57 келі салмақта тараздық Райыс Бейбарыс және одан жоғары салмақта ерейментаулық Жандос Тлеубердинов жеңімпаз атанды.
Еске сала кетейік, Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында (бұрынғы Алексеев ауданы) өмірге келген. 1942 жылы мектептен Қызыл Армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберілді. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты.

1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осыдан соң майор Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, қаһарман қазақ ұланы соғысты Берлинде аяқтады.

Ол 1946-1949 жылдар аралығында Мәскеудегі М.И.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдап, Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курстарда оқыды.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1989 жылдан бастап Қазақ ССР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметтерін атқарды. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда республика Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен № 1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1971-1994 жылдары республика Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Үкімет Қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Оның жауынгерлік және қайраткерлік өмір жолындағы ерліктері мен еселі еңбектері жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шетелдердің ордендерімен марапатталды.
2013 жылғы 24 қыркүйекте 90 жасқа қараған шағында өмірден озды.

null null null null null null