Ақмола облысында əскер қатарына алынған 218 сарбаз ант қабылдады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Державинск қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6636 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген 218 сарбаздан салтанатты түрде ант қабылдау рəсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облысында əскер қатарына алынған 218 сарбаз ант қабылдады

Шараға «Орталық» өңірлік қолбасшысының орынбасары полковник  Алтынбек Жүсіпов, Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Гүлжан Нұрмағамбетова жəне сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары қатысты.

«...Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғымен белгіленген талаптарды орындау - парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз - өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау. Туған жерімізге тер төгіп, антқа адал болу», - деп атап өтті құттықтау сөзінде 6636 әскери бөлімінің командирі подполковник Бауыржан Барышев.

Еске сала кетейік, Державинск қаласында орналасқан 6636 әскери бөлімінің 2-атқыштар батальоны 2011 жылы құрылған болатын. 2013 жылдан бастап, жас сарбаздармен толықтырыла бастады. Бұған дейін бір мерзімде тек қана 50-60 қабылданатын болса, биылғы жылдан бастап, сарбаздар саны ұлғайды. Әскери бөлімнің міндеті түзету мекемелерін күзету, бақылау және тұтқындардың мекемеге жеткізілуін қамтамасыз ету болып табылады.