Ақмола облысында табылған медициналық қалдықтар бойынша тергеу жүріп жатыр

Ведомствоның мәліметі бойынша, 2019 жылғы ақпанның 3-де Шортанды аудандық қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасына Ключи ауылынан 1,5 шақырым жердегі жолдың бойында медициналық қалдықтарды (қаны бар пробирка мен шприцтер) белгісіз біреулердің лақтырып кеткендігі туралы ақпарат түскен.
«Шортанды аудандық қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасы мен аудандық полиция бөлімі және Шортанды орталық аудандық ауруханасының медициналық қызметкерлері бірлесіп, аталған аумақты зерттеп, аталмыш ақпаратты растады.
Медициналық қалдықтар қауіптілігіне байланысты пластмасса контейнерлердің ішінде болды. Бұл қалдықтар Астанадағы Ұлттық Ғылыми Кардиохирургиялық орталыққа тиесілі», - деп түсіндірді Ақмола облыстық Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіндегілер.
Аталмыш оқиға бойынша, Шортанды ауданының әкімдігіне, Ақмола облысының экология департаментіне, Ақкөл ауданының ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ақмола облысының және табиғатты қорғау прокуратураларына жолданды.
«Басқарманың мәліметіне сай, 2019 жылдың 5-ші ақпандағы жағдайға байланысты Астанадағы «Казпереработка» ЖШС медициналық қалдықтарды одан әрі залалсыздандыру бойынша аталмыш аумақтан алып кетті. Қазіргі кезде құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізуде соның қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады», - деп толықтырды ведомстводан.