Ақмола облысында тазалық айлығы барысында 14 мың түп ағаш пен 9 мың көшет отырғызылды
КӨКШЕТАУ. 13 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысы аумағында ағымдағы жылдың 15 қыркүйек және 15 қазан айларының аралығында өткізілген тазалық айлығы барысында елдімекендерді көгалдандыру мақсатымен 14 мың түп ағаш пен 9 мың көшет отырғызылды.
Айлық аясында әр елдімекенді, аулалар мен саябақтарды тазартуға, абаттандыруға, жасыл желекке бөлеуге жете назар аударылған болатын. Осы уақыт аралығында 399 саябақ пен 332 автобус аялдамасы әшекейлендіріліп, тазартылған. Сонымен бірге 36 көпқабатты және 10,5 мың жекеменшік үйдің, 668 қоғамдық нысанның сыртқы келбеті жақсартылды. Тазарту жұмыстарына немқұрайлы қараған лауазым иелері мен жеке тұлғаларға 265 айыппұл салынып, оның 101-і бойынша 843 мың теңгесі өндіріліп алынды. Байқау қорытындысы бойынша үздік шыққандарға бағалы сыйлықтар мен арнаулы марапаттау қағаздары табысталды. Соған сәйкес Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылына көшелерді қысыммен тазарту арнайы көлігі, Целиноград ауданы аумағындағы Рдина ауылына «ЛАДА-2124» жеңіл көлігі, Көкшетау қаласындағы «Луч» тұрғын үй пәтерлер кооперативіне бейне бақылау қондырғысы табысталды. Сонымен бірге маңызды іске ерекше мән бергендер арасынан екінші және үшінші орын жеңімпаздары анықталып, оларға да сый-сияпаттар ескерілген.