Ақмола облысында Ұлттық халық санағы мәреге таяп қалды

КӨКШЕТАУ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық Ұлттық халық санағы штабынан алынған мәліметтерге сәйкес өңірде 589 мың 238 адам санақшылар сауалына жауап берген, бұл алдын ала белгіленген тұрғындардың 81 пайызын құрайды,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бүгінгі таңда Көкшетау қаласында 480 санақшы күнілгері есепке алынған 146 мың 516 тұрғынның 113 мың 228-імен кездесіп, санақ сауалдарына нақтылы жауап алған. Соған сәйкес облыс орталығында уақытша тіркелген 834 адам анықталып отыр. Қала тұрғындарының 57 мың 322-сі - жергілікті ұлт өкілдері. Он алты жылға жуық уақыт бойы облыстық статистика басқармасына басшылық жасаған Жеңіс Букиннің айтуынша, биылғы Ұлттық халық санағы әлеуметтік сипатымен ерекше. Ол осыдан он жыл бұрын Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстарынан құрылған өңірде санақ жүргізуге тікелей атсалысқан. Ал қазір Ақмола облысы мен бұрынғы Көкшетау облысының бірқатар аудандарымен біріктірілгеннен кейінгі аумақта жүргізілуде. «Демек, аумақтың ұлғаюы, тұрғындардың көбеюі заңды. Ал нақтылы есеп жоқтың қасы деуге де болады. Санақтың әлеуметтік сипаты дегенде сол отбасындағы адамдардың тізімі ғана емес, олардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы, жұмысы, болашақ отбасы, жұмыспен қамтылу сынды 45 сауалға жауап беруге тура келіп отыр», - деп түйіндейді әңгімесін Жеңіс Букин. Щучье қаласының тұрғыны Асылбек Ысмағанбетовтың сөзіне қарағанда, екі санақтың уақыт алшақтығымен бірге сауалдардың қойылуында көп өзгерістер бар. «Әр отбасының тұрмыс-тауқыметі, ондағы адамдар, оқитыны не болмаса жұмыс істеуі, өзінің болашағы, басқа ұлт тілдерін меңгеруі былайша қарағанда, ешкімге қажеті жоқ. Мұқият, зерделей ойлансаң, оның мемлекеттік саяси маңызы бар. Санақтың деректері негізінде әр әулеттің, аймақтың, елдің болашағы айқындалады. Соған сәйкес іс-әрекеттер белгіленеді. Тіпті санақшылардың киім киісінің жарасымдылығы, ерекшелігі көңіліңде жақсы әсер қалдырады. Үш балам да санақшылармен пікірлескендеріне риза», - дейді Асылбек Ысмағанбетов. Жалпы облыс бойынша уақытша тұрып жатқан 2 мың 505 адам есепке алынып отыр. Олардың 834-і - Көкшетауда, 380-і - Щучье ауданында, 249-ы - Зерендіде, 218-і - Атбасарда, 112-сі Ақкөлде тұрақтаған. Санақшылармен кездескендердің 306 мың 431-і - әйелдер, олар ерлерден 20 мың 200-ге көп. Өңірде есепке алынғандардың 270 мың 380-і - қандастарымыз. Олар Көкшетау мен Степногор қалаларында, Целиноград, Щучье, Ерейментау, Атбасар аудандарында ең көп шоғырланған. Жалпы санақшылар Бұланды ауданы тұрғындарының 95 пайызын, Сандықтауда - 92 пайызын, Зеренді, Есіл, Еңбекшілдер, Егіндікөл, Жақсы аудандарында - 87-83 пайызын, қалғандарында 80-74 пайызын қамтып, тиісті сауалдарға жауаптар алған.
Соңғы жаңалықтар